
Алматы облысында өткен аптада абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 202 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Абаттандыру ережелерін сақтау елді мекендердегі өмір сапасына тікелей әсер етеді. Мұндай бұзушылықтар аумақтардың сыртқы келбетін бұзып қана қоймай, өмір сүруге қолайсыз жағдайлар жасайды. Анықталған негізгі құқық бұзушылықтар аумақтарды тұрмыстық қалдықтармен қоқыстандыру, құрылыс материалдарын заңсыз жинау, жасыл желектер мен инфрақұрылым объектілерін зақымдау, сондай-ақ іргелес аумақтарды ұстау ережелерін сақтамау болып табылады, – деп атап өтті полиция.
Естеріңізге сала кетейік, мұндай құқық бұзушылықтар үшін ескерту немесе айыппұл жеке тұлғалар үшін – 20 айлық есептік көрсеткішке дейін (АЕК), шағын бизнес үшін – 30 АЕК-ке дейін, орта бизнес үшін – 40 АЕК-ке дейін, ірі бизнес үшін – 100 АЕК-ке дейін көзделеді.
– Азаматтарды абаттандыру нормаларын сақтауға және қоршаған ортаны құрметтеуге шақырамыз. Елді мекендердегі тазалық пен тәртіп – бұл әрқайсымыздың жауапкершілігіміз. Тек бірлескен күш-жігермен біз өмір сүру үшін қолайлы жағдайларды сақтай аламыз. Ал құқық бұзушыларды заңнамада көзделген сөзсіз жаза күтіп тұр, – деп толықтырды ведомстводан.