
Жасөспірімдер қылмысының алдын алу, оның ішінде мектеп оқушылары мен студенттер арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтардың алдын алу мақсатында облыс аумағында «Жасөспірім» Республикалық жедел профилактикалық іс-шара өткізілді.
17-19 қыркүйек аралығында ЖПІШ аясында полицейлер білім беру, денсаулық сақтау, жергілікті атқарушы органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп рейдтік іс-шараларға шықты.
– Үш күндік жұмыс қорытындысы бойынша 572 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бұл кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында немесе тұрғын үйден тыс жерде болуының 366 фактісі, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және оған білім беру, олардың құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін - 132 дерек, ұсақ бұзақылық-18, бұзақылық - 27, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішудің 12 фактісі анықталды, – деп атап өтті Алматы облыстық ПД ЖПҚБ-да.
Іс шара барысында Талғар ауданының полицейлері оқушыдан электрошокер тапты. Оның ата-анасы жауапқа тартылды, бұл ретте кәмелетке толмағандармен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Сонымен қатар, алты ойын-сауық мекемесінің иелеріне және онда болған кәмелетке толмаған жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары ЖПІШ өту кезінде профилактикалық есепке 26 жасөспірім және 28 ата-ана қойды. Кәмелетке толмағандардың бейімдеу орталығына 23 бала орналастырылды.
Жалпы, кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарына кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу саласында туындайтын мәселелер бойынша құқықтық және консультациялық көмек көрсетілді.