
Алматы облыстық полициясының жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері қоян-қолтық күрестен Азия Чемпионатының жүлдегерлері атанды.
Әлемнің 16 елінен 500-ге жуық мықты спортшыны жинаған ауқымды деңгейдегі спорттық жарыс 12-16 қыркүйек аралығында Қырғызстан Республикасының астанасы – Бішкекте өтті.
– Полиция аға лейтенанты Қымбат Ахмет 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс алқасымен марапатталды. Ал Шынар Кенжебаева 64 келі салмақ дәрежесінде құрметті үшінші орынды иеленді – деп атап өтті облыстық ПД арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының бастығы Берік Нұрғалиев.
Қыз-жауынгерлер оңай емес жарыста өздерінің табандылығын көрсетіп, қазақстандық спортшылардың лайықты дайындық деңгейін көрсетті. Атап өту керек, олар бірнеше рет еліміздің және әлемнің ірі чемпионаттарына қатысып, жекпе-жектің бірнеше түрі бойынша Қазақстан чемпиондары және халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері болып табылады.