
Жыл басынан бері Алматы облысының полицейлері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 400 жуық құқық бұзушылықты анықтаған.
Құрамында есірткі заттары бар өнімдердің таралуының алдын алу жұмыстары барысында биыл 375 деректі әшкерелеген. Оның ішінде 288 заңға қайшы теріс қылық тіркеліп, іс материалдары сот қарауына жолданса, 87 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Біз есірткінің заңсыз айналымын болдырмау бағытында тұрақты шаралар қабылдаймыз. Биыл облыс аумағында құрамында есірткі бар заттарға қатысты 87 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде аса ірі көлемде есірткіні сақтау және тасымалдаудың 24 дерегі мен есірткіні сатудың 48 дерегін анықтадық. Сонымен қатар, өсіруге тыйым салынған құрамында есірткі бар өсімдікті баптаған 15 тұлғаның заңсыз әрекеті әшкереленді»,- деді Алматы облысы ПД Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Аян Исабеков.
Полиция өкілінің айтуынша, ғасыр індетіне айналған есірткіге қарсы күреске барлық құқық қорғау органдары жұмылдырылған. Есірткі заттарының таралуы туралы ақпарат жинақтау мақсатында барлық білім беру орындарында «сенім жәшігі» орнатылған.
Сонымен қатар, облыста белсенді жастардың, «Жалын» студенттер жасағының және волонтерлердің қатысуымен өткен «Есірткісіз болашақ!», «Біз есірткіге қарсымыз» және өзге де акциялар, түрлі флешмобтар өскелең ұрпақты тәрбиелеуге оң септігін тигізетіні анық.
«Есірткі бизнесін кәсіп қылған тұлғаларды құрықтау барысында биыл 4147 кг әртүрлі есірткі өнімдерін тәркіледік. Оның ішінде 13 килодан астам гашиш пен 300 граммнан астам героин есірткісі бар»,- деді подполковник Аян Исабеков.
Алматы облысы ПД баспасөз қызметі