
Полиция қызметкерлері "наркоагроном" деп атауға келетін азаматты ұстады.
Алакөл ауданы Қабанбай ауылының тұрғыны марихуананы өз бақшасында өсірген.
"Есірткі" жедел алдын алу іс-шарасы барысында жедел қызметтер үйінің бақшасында есірткі өсімдіктігінің тұтас плантациясын өсірген 57 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады. Сарапшылар өсірілген есірткі өсімдігінің - марихуана екенін айтты. Жалпы, күдіктіден құрамында есірткі заты бар 202 түп өсімдік тәркіленген. Ұсталған азамат полицейлердің келуіне таң қалған. Ресми рәсімдерден кейін күдікті қарасораны жеке өзі тауып, оны үйінің жанындағы учаскеге отырғызғанын және оны баптап, күткенін мойындады.
Ұсталған азамат тыйым салынған "шөпті" өзі үшін өсіргенін жеткізген. Ол бұған дейін де есірткі заттарын сақтағаны үшін үш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 300-бабы, 1 бөлігі «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.
Алматы облысы ПД баспасөз қызметі