Талғарда 15 жастағы лицей тәлімгері көпірден секірген ер адамды құтқарып қалды

Талғарда 15 жастағы лицей тәлімгері көпірден секірген ер адамды құтқарып қалды

«Арыстан» мамандандырылған лицейінің 2004 жылғы 11-сынып оқушысы Мирас Бейсен, ағымдағы жылдың 1 маусымында сағат 17.00 шамасында досымен Талғар қаласының орталығындағы көпір бойымен келе жатып, өзенге көпірден секірмек болған ер адамды байқаған.
«Мирас еш абдырмастан, досына полиция мен жедел жәрдемге қоңырау шалуын өтініп, өзі төмен,өзенге қарай жүгірген. Өзеннің қатты ағысынан қорықпаған ол, ер адамның қаза болуына жол бермей, оны жағаға шығарған. Сол сәтте оқиғаға орнына полиция мен жедел жәрдем де келіп жеткен», - дейді Алматы облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Ораз Жолдасов.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 1 маусымында сағат 17.00 шамасында Талғар ауданы полиция басқармасының кезекші бөліміне Қонаев және Рысқұлов көшелерінің қиылысында орналасқан көпірден ер адамның секіріп кеткендігі туралы хабарлама келіп түскен.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккен азамат 1982 жылғы Талғар қаласының тұрғыны. Ол мас күйінде өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің нәтижесінде азаматтың оң аяғы сынып, миы шайқалған және басқа да жарақаттар алған. Ер адамның бұл әрекетке баруының себептері мен мән-жайлары анықталуда», - деп толықтырды полковник Жолдасов.
Қазіргі таңда оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 105 б. 1 б. бойынша жүргізілуде. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.
Сонымен қатар, жақын арада ержүрек бозбала Мирас Бейсен көрсеткен ерлігі мен жоғары азаматтық ұстанымы үшін Алматы облысы Полиция департаменті бастығы атынан марапатталады.

 

Алматы облысы ПД баспасөз қызметі