
Жаз уақыты мен демалыстардың басталуына орай балалардың бос уақыты көбеюде және осыған байланысты балалардың жоғалу деректері де орын алады.
«Ата-аналардың өз баласын көзден таса жіберіп алудың соңғы мысалы ағымдағы жылдың 24 мамырында орын алды. Балпық би ауылының орталық көшелерінің бірінде қызмет атқару кезінде Алматы облысы Көксу аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкерлерінің назары жол бойында жалғыз келе жатқан, мүгедектік белгілері бар балаға түскен. Баланың жоғалғанын және өз үйін таба алмай жүргенін білген полицейлер оны жұбатып, ата-анасын іздеуге кіріскен. 8 жасар баланың қақпадан шығып, кеңістікті нашар бағдарлауы салдарынан, ата-ана үйінен жыраққа кетіп қалғаны анықталды. Ал анасы баласының жоғалғанын байқап, бірден оны іздеуге кіріскен. Тәртіп сақшыларын көрген анасы шын жүректен қуанды. Полиция қызметкерлері ұлын анасына тапсырып, оларға балаға жауаптылықпен қарау және бақылаусыз қалдырмау қажеттілігі туралы қатаң ескертті», - дейді Алматы облысы ПД Штаб басқармасының бастығы полиция полковнигі Людмила Теряева.
Баласымен табысқанына қуанған ана өз кезегінде, Көксу ауданының полиция қызметкерлеріне, кіші полиция лейтенанты Дмитрий Аладинге және полиция лейтенанты Ожабай Амандосқа ұлымен қауыштырғаны үшін алғысын білдіріп, оларға денсаулық, жұмыста табыс және қызметтік өрлеу тіледі. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 42 баланы тауып, бір тәулік ішінде ата-анасына тапсырған.
«Қазіргі уақытта балалардың назарын қызықты, дамытатын және пайдалы сабақтарға аударуға кеңес береміз. Барлық ата-аналар мен балаларға, жазды қандай да бір эксцесссіз және оқиғасыз өткізуге тілектеспіз»,-деп толықтырды полиция полковнигі Людмила Теряева.
Алматы облысы ПД баспасөз қызметі