Алматы облысында үш тәулікте 37 барымташы ұсталып, 5 қылмыстық топтың жолы кесілді

Алматы облысында үш тәулікте 37 барымташы ұсталып, 5 қылмыстық топтың жолы кесілді

Алматы облысының полицейлері «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасын қорытындылады.
Үш күнге созылған арнайы шара барысында мал ұрлығына қатысты 15 дерек тіркеліп, барлығының ізі суымай ашылды. Сонымен қатар, бұған дейін орын алған 30 ұрлықтың мән-жайы әшкереленді. Орын алған қылмыстарда 115 мал қолды болған. Оның ішінде 1 жылқы мен 114 бас ұсақ мал бар. Тәртіп сақшылары іздестіру барысында қолды болған малды тауып, 41 бас малды иелеріне қайтарды. Оның ішінде 3 жылқы, 1 ірі қара мен 37 ұсақ мал бар.
Мал ұрлықтарына қатысы бар деген күдікпен 37 адам ұсталды және 5 қылмыстық топ мүшелері құрықталды.
Жедел алдын алу іс-шарасы барысында мал және ет өнімдерін сатудың 103 орны тексерілді. 255 шаруа қожалығы, қыстақтар мен фермаларда малдың жоғалуының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мал тасымалымен айналысатын 120 автокөліктің құжаттары тексеріліп, Еңбекшіқазақ және Балқаш аудандарында тиісті құжаттарсыз мал тасымалдаудың 2 дерегі анықталды.
Естеріңізге сала кетейік, 18-20 мамыр аралығында Алматы облысы аумағында «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Арнайы шараның басты мақсаты мал ұрлығының алдын алу және бұрын орын алған қылмыстарды ашу, мал ұрлығына қатысы бар тұлғаларды анықтау болып табылады.

 

Алматы облысы ПД баспасөз қызметі