
Талғар қаласының бұған дейін ұрлық, тонау, өзгенің көлігін айдап кету және есірткі өнімдерін сақтау қылмыстары үшін бірнеше рет сотталған 37 және 56 жастағы екі тұрғыны мал ұрлығына қатысы бар деген күдікке ілінді.
Полицейлер оларды Талғар қаласы тұрғының қорасында тұрған жылқыны түнгі мезгілде ер-тұрманымен ұрлады деген күдікпен ұстады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«Учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, жақын маңдағы барлық шаруа қожалықтары мен елдімекендер тексерілді. Іздеу нәтижесінде таулы аймақта орналасқан шалғайдағы қыстақтардың бірінен қолды болған жылқы ер-тұрманымен табылды. Қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықталды»,- деді Талғар АПБ бастығының орынбасары полиция подполковнигі Андрей Бурянский.
Екі күдікті де уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Табылған жылқы заңды иесіне қайтарылды. Қала тұрғыны малын аман-есен қайтарған тәртіп сақшыларына алғысын айтып, оларға зор денсаулық, қылмыспен күресте және қол ұшын беруде сәттілік тіледі.
Алматы облысы ПД баспасөз қызметі