Алматы облысының полицейлері бес жасар баланы аман-есен іздеп тапты

Алматы облысының полицейлері бес жасар баланы аман-есен іздеп тапты

Тәртіп сақшылары жоғалған баланы қауіпті жағдайда, яғни елдімекен шетіндегі күре жолдардың бірінен аман-есен тапты.
Алматы облысы Кеген ауданының патрульдік полиция қызметкерлері кәмілетке толмаған баланың із-түссіз жоғалғаны туралы хабарды алған сәтте-ақ шұғыл іздеу жұмыстарына кіріскен. Көп ұзамай жақын маңды шолу барысында 5 жасар жоғалған баланы тапқан.
«102 арнасына хабар берілген соң полиция лейтенанты Бармен Айдаров пен полиция сержанты Мадияр Әркімбаев іздеу жұмыстарын бастаған. Жарты сағаттан соң ауыл шетіндегі басты көшелердің бойында ойнап жүрген баланы тауып, аман-есен ата-анасына табыстаған. Осы тұста, ойын баласын тез арада тауып, үйіне қайтармағанда қайғылы оқиғаға әкеп соғуы да мүмкін еді»,- деді Кеген АПБ бастығы полиция подполковнигі Ерлік Үркінбаев.
Облыстық полицейлер жыл басынан бері Алматы облысы аумағында кәмілетке толмаған 53 жасөспірімнің із-түссіз жоғалғанын және олардың барлығы табылып, туғандарына табысталғанын атап өтті. Талдау барысында көп жағдайда балалар қандай да бір мақсат көздеместен жоғалған. Туыстарымен жанжалдың салдарынан әдейі үйден кету орташа көрсеткішті құрайды. Кейбір жағдайда баланың үйден қашуы криминалға байланысты болған. Дегенмен, отбасылық жағдайға, баланың үйден кетуінің себептеріне қарамастан, полицейлер аталған мәселеге өте мұқият қарайды және шұғыл шешім қабылдайды.

 

Алматы облысы ПД баспасөз қызметі