
Алматы облысының полицейлері қырғауылды заңсыз аулаған төрт азаматты қолға түсірді. Аңшылар тобы атып алынған қырғауылдан сорпа жасап, ауқаттану кезінде ұсталған.
Аңшылар тобы 3- мамыр күні түнде Талдықорған қаласының солтүстік-шығыс бөлігіндегі Сарыбұлақ өзені мен Алматы-Семей автожолының арасында балық және аң аулау ережелерін бұзу деректерін анықтау және жолын кесуге бағытталған табиғатты қорғау полиция қызметкерлері мен "Бүркіт-163" патрульдік экипажының бірлескен рейдтік іс-шарасы барысында ұсталды.
Күдіктілердің төртеуі де жергілікті тұрғындар, олардың бірінен тіркелген 12-калибрлі бір ұңғылы аңшы мылтығы тәркіленді. Аталған дерек Талдықорған ҚПБ АТК тіркелді. ҚР ӘҚБтК - нің 382 бабы 1 бөлігі "Қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері жоқ аң аулау ережелерін бұзу" және 476 бабы 6 бөлігі "Төтенше жағдай кезінде карантинді бұзу" бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылды. ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабына «Атыс қаруын пайдалану, сақтау және тасымалдау тәртібін бұзу» сәйкес шаралар қолданылу үшін қару тәркіленіп, лицензиялық-рұқсат беру жүйесіне жіберілді.
Ұсталған азаматтар төтенше жағдай кезінде аң аулағандарын және карантин ережелерін бұзғанын толық мойындады.
Қазіргі уақытта Алматы облысының аумағында "Уылдырық шашу" жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.Полиция облыс тұрғындарын балық ресурстарын, жануарларды заңсыз аулау және жойылып бара жатқан өсімдік түрлерін жою заң бойынша қудаланатынын ескертеді.
Алматы облысы ПД баспасөз қызметі