
Қазіргі таңда, карантиндік режим жағдайында азаматтар үйде болғандықтан олар интернет ресурстарының белсенді пайдаланушылары.
Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар мен басқа да мекемелердің тәжірибесіндегі интерактивті онлайн кездесулер, сабақтар, конференциялар мен азаматтардың қабылдаулары ғаламтор арқылы өрбуде. Осыған орай полицейлердің ведомстволық мұражайы да экскурсияны онлайн режимінде қайта бастады.
«Қазір үйде отырып Қазақстан полициясының, Алматы облысы полициясының құрылу тарихы сақталған Департаменттің көркем жерлерінің бірін тамашалай аласыздар. Мұражайды виртуалды тамашалау үшін Интернетке қатынайтын компьютер немесе қарапайым смартфон қажет», - деп атап өтті мұражай меңгерушісі Мадина Болсамбекова.
Мұражайда Асанәлі Әшімов басты рөлді сомдайтын "Атаманның ақыры " және "Транссібір экспрессі" фильмдерінің прототипі болған Жаркент милиционерлері Қасымхан Чанышев, Махмұд Ходжамьяровқа қатысты сирек экспонаттар ұсынылған.
«Мұражай екі соғыстың батыры: ҰОС және милитаристік Жапониямен соғыс, сондай-ақ қазіргі замандағы батырлар тарихынан сыр шертетін Үкімет наградаларымен марапатталған генерал Абдыкадыр Болсамбековтың есімімен аталады. Мұражай залдарында генерал Абдыкадыр Болсамбековтың салтанатты формасы мен марапаттары, сондай-ақ 1200-ден астам экспонат ұсынылған. Мұражай бірнеше залдан тұрады, олардың әрқайсысында 1917 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі аймақтың құқық қорғау жүйесінің қалыптасу тарихының жеке кезеңі көрсетілген»,- деп толықтырды Мадина Болсамбекова.
Алматы облысы Полиция департаментінің мұражайына qr-кодты сканерлеу арқылы немесе тікелей сілтеме бойынша өтуге болады http://zhetysu360.kz/wp-content/3dtour/dvd_360/dvd_360.html.
Алматы облысы ПД баспасөз қызметі