
Полицияға Алдабергенов көшесіндегі үш шойын люктің ұрланғаны жайында қаланың коммуналдық кәсіпорын бірінің қызметкерлері арызданған.Шығын мөлшері алпыс мың теңге көлемінде бағаланған.
Полицейлер күдіктілердің ізіне түсіп,олардың 40 және 54 жастағы облыс орталығының тұрғындары екенін анықтады. Олардың бірінің үйінен полиция қызметкерлері металл қабылдау пунктіне дайындалған, жәбірленуші ұйымның өкілдері таныған ерекше белгілері бар ұрланған екі люкті тапты. Сонымен қатар тәртіп сақшылары ұрланған заттарды сатып алып жүрген 64 жастағы жергілікті азаматшаны анықтап, тінту кезінде одан тағы үш люкті тәркіледі. Ол үш люкті де азаматша күдіктілерден сатып алғаны белгілі болды.
Металл ұрыларының айтуынша, олар "өз істеріне" кешкі сағат сегізден тоғызға дейінгі аралықта, яғни қараңғы батқанда жеңіл автокөліктерімен барған.
Қазіргі таңда күдіктілердің өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Әзірше, күдіктілердің төрт дерекке қатыстылығы дәлелденген. Олар әрқайсысы 40 келіге жуық салмақ тартатын 8 люкті қолды қылған. Күдіктілердің бірі мүгедектігіне байланысты мекенжайын өзгертпеу туралы қолхатпен босатылды. Екіншісі уақытша ұстау оқшаулағышана қамаққа алынды.
Алматы облысы ПД баспасөз қызметі