Алматы облысында учаскелік полиция инспекторына тап берген ер адам құрықталды

Алматы облысында учаскелік полиция инспекторына тап берген ер адам құрықталды

Еңбекшіқазақ ауданы Шелек полиция бөліміне жергілікті аудандық ауруханадан хабарласып, ішімдік ішкен ер адамның бұзақылық әрекеттер жасап жатқаны туралы жеткізген. Күдікті медициналық қызметкерлерді балағаттап, олардың қызметтеріне кедергі келтірген.
Қоңырау қабылданған соң оқиға орнына алғашқы болып учаскелік полиция инспекторы А. Жарылқасынұлы жетіп, бұзақыны тәртіпке шақырған. Полицей оған қоғамдық тәртіпті бұзуды тоқтатып, өзімен бірге полиция бөліміне баруды талап еткен. Алайда, ішімдікке сылқия тойып алған Шелек ауылының 39 жастағы тұрғыны тәртіп сақшысының заңды талаптарын орындаудан бас тартып, оған қарсы күш көрсетуге тырысқан. Нәтижесінде, құқық бұзушы оқиға орнында құрықталды.
Билік өкіліне күш қолдану дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Алматы облысы ПД баспасөз қызметі