
Жыл басынан бері Алматы облысында 1023 мың жол-көлік оқиғасы тіркелді, 215 адам қаза тауып, 1509 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Белгіленген нормадан артық жолаушы тасымалдайтын жүргізушілердің кінәсінен бүгінгі таңда 8 жол-көлік оқиғасы тіркелді, жеңіл көлік салонында 6-дан 8-ге дейін жолаушы болған. Әдетте, апаттың осындай түрінде 3 немесе одан да көп адам бірден көз жұмады. Өкінішке орай көбіне балалар осындай апаттардан қаза табады.
«Бүгінгі таңда Жергілікті полиция қызметінің алдына бірқатар негізгі міндеттер қойылды. Осы бағыттардың бірі – Алматы облысының көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер арасында жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерінің жолын кесу, облыс жолдарындағы апатты жағдайды тұрақтандыру және азайту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты негізде іс-шаралар өткізу», - деп бөлісті ЖПҚ басқармасының басшысы полиция полковнигі Серік Шумаев.
«Жол апаты жыл сайын адам өліміне себеп болады. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендердің саны ұшақ апатынан, теміржол және су көлігінен қаза тапқандардың санынан асып түседі. Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері жол көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған ауқымды жұмыстарды атқарып келеді», - деп толықтырды ЖПҚ басқармасының басшысы полиция полковниигі Серік Шумаев.
Алматы облысы ДП баспасөз қызметі.