Алматы облысында вандализмнің, рұқсатсыз граффити салудың және жолдардағы қауіпті әрекеттердің алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жалғасуда.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында полиция қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық және жеке мүлікке зиян келтіретін, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.
Вандализм және мүлік иесінің келісімінсіз граффити салу фактілеріне ерекше назар аударылады. Мүлікті, ескерткіштерді, тарихи-мәдени нысандарды және басқа да объектілерді бүлдіргені үшін заңнамада әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделген. Жауапкершілік түрі жасалған әрекеттің сипаты мен келтірілген залалдың мөлшеріне байланысты белгіленеді.
Профилактикалық жұмыстың тағы бір бағыты - жолдарда дрифт жасау және басқа да қауіпті маневрлердің алдын алу. Мұндай әрекеттер жол-көлік оқиғаларына, соқтығыстарға, сондай-ақ басқа да жол қозғалысына қатысушылар мен олардың мүлкіне зиян келтіруге әкелуі мүмкін.
Полиция Алматы облысының тұрғындарын заң талаптарын сақтауға, қоғамдық және жеке мүлікке ұқыпты қарауға, сондай-ақ айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырады.
Заң мен Тәртіп - әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.