Алматы облысы Балқаш ауданындағы Бура ауылы қоғамдық тәртіпті нығайту мен салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы оң тәжірибесімен ерекшеленуде. Береке ауылдық округіне қарасты елді мекенде бүгінде 594 тұрғын тұрады. Ауыл тұрғындарының бастамасымен бірнеше жыл бұрын ауыл дүкендерінде алкоголь өнімдерін сатудан толықтай бас тарту туралы шешім қабылданған. Соның нәтижесінде Бура ауылында соңғы төрт жылға жуық уақыт бойы спирттік ішімдіктер сатылмай келеді. Тұрғындардың айтуынша, бұл бастама қоғамдық қауіпсіздіктің артуына, құқық бұзушылықтардың азаюына және жастар арасында салауатты өмір салтының кеңінен насихатталуына оң ықпал етті. Ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес мүшелері мен белсенді тұрғындар жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, зиянды әдеттердің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бүгінде Бура ауылы өңірдегі үлгілі ауылдардың біріне айналып, қоғамдық тәртіпті сақтау мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолындағы тиімді тәжірибесімен ерекшеленіп отыр. Бұл бастама өзге елді мекендер үшін де өнеге болуда. Айта кету керек, қазіргі таңда Алматы облысында алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартқан 23 ауыл бар. Мұндай игі бастаманы қолдайтын елді мекендердің саны жыл сайын артып келеді. Бұл шешімдер ауылдардағы қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға өз үлесін қосуда.