Алматы облысы Полиция департаментінің құрама командасы Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасындағы XVIII спартакиадада жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынды иеленді. Жарыс барысында қатысушылар спорттың тоғыз түрі бойынша бақ сынады. Полицейлер жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдық пен жеңіске деген жігерін көрсетіп, көптеген спорттық сайыстарда үздік нәтижелерге қол жеткізді. Полиция қызметкерлері қазақ күресі, жүзу, шахмат, волейбол, футбол және киберспорт түрлерінен командалық есепте бірінші орын алды. Ерлер арасындағы баскетбол жарысында екінші орынға ие болса, теннис пен тоғызқұмалақтан үшінші орыннан көрінді. Әсіресе, бес салмақ дәрежесі бойынша өткен қазақ күресіндегі жетістіктер ерекше атап өтуге тұрарлық. Сонымен қатар футбол мен волейболдан да полиция құрамасы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жалпы жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Алматы облысы Полиция департаментінің құрама командасы иеленді. Екінші орын Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментіне бұйырса, үшінші орынды облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің командасы алды. Бұл жеңіс полиция қызметкерлері арасында дене шынықтыру мен спортты дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі және жеке құрамның жоғары спорттық дайындығының айқын көрсеткіші болып табылады. Осындай жарыстар командалық рухты нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыруға ықпал етеді.