Шомылу маусымының басталуына және демалыс күндері көлік қозғалысының едәуір артуына байланысты Алматы облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу және Жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған профилактикалық іс-шараларды күшейтті. Жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Жаз мезгілінде өңір тұрғындары мен қонақтарының демалыс орындарына ағылуы салдарынан облыс автожолдарындағы көлік ағыны айтарлықтай артады. Әсіресе Алматы – Өскемен бағыты бойынша қозғалыс қарқыны жоғарылайды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ең көп жүктеме түсетін және жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын учаскелерде күшейтілген патрульдік нарядтар күн сайын қызмет атқаруда. Ашық патрульдеумен қатар жүргізушілерге алдын ала ескертусіз жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды анықтайтын жасырын патрульдер де белсенді түрде қолданылуда. Профилактикалық жұмыстар барысында автоматтандырылған құқық бұзушылықтарды тіркеу кешендері мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қоса алғанда, заманауи техникалық құралдар пайдаланылуда. Дрондарды қолдану жол жағдайын жедел бақылауға, қарсы бағытқа шығу, қауіпті басып озу және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін өзге де құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтау жүргізушілердің тәртібін нығайтып, өңірдегі жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға ықпал етеді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жалғасуда. Алматы облысының полициясы жүргізушілерді Жол қозғалысы ережелерінің талаптарын қатаң сақтауға, қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, қауіпті маневрлерден бас тартуға және жолдағы қауіпсіздік әрбір қатысушының жауапкершілігіне байланысты екенін есте сақтауға шақырады.