АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДА ҚАЗАҚША КҮРЕСТЕН ТУРНИР ӨТТІ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДА ҚАЗАҚША КҮРЕСТЕН ТУРНИР ӨТТІ

Алматы облысының аумағында полиция қызметкерлері арасында қазақша күрестен облыстық турнир өтті. Спорттық дода республикалық деңгейде Тараз қаласында өтетін турнирге жолдама алу және өңірдің ең мықты спортшыларын анықтау мақсатында ұйымдастырылды.

Жарысқа облыстың қалалық және аудандық бөлімшелерінен келген үздік балуандар қатысуда. Қызметкерлер жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, көрермендерге тартысты әрі әсерлі белдесулер ұсынуда. Әсіресе жедел қимылдайтын жасақ қызметкерлері шапшаңдық, күш-қайрат және тактикалық шеберлік тұрғысынан ерекше көзге түсіп отыр.

Турнир барысында спортшылар өзара мықтыны анықтап қана қоймай, әріптестік рух пен бірліктің үлгісін көрсетуде. Мұндай жарыстар полиция қызметкерлерінің жауынгерлік және физикалық даярлығын шыңдауға, тәртіп пен ұйымшылдықты нығайтуға, сондай-ақ салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға ықпал етеді.

Турнир қорытындысы бойынша «Түйе палуан» номинациясын Жамбыл ауданының полиция басқармасы иеленді.

Жалпыкомандалық есепте І орынды Алматы облысы Полиция департаментінің командасы, ІІ орынды Жамбыл ауданының полиция басқармасы, ал ІІІ орынды Ұйғыр ауданының полиция бөлімі иеленді.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер алдағы республикалық турнирде Алматы облысының намысын қорғайды. Оларға алдағы додада сәттілік пен жеңіс тілейміз!