
Алматы облысы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері Патрульдік полиция батальонымен бірлесіп, жүргізушілерді заңсыз ақшалай сыйақылардың жол берілмейтіндігі және жол қозғалысына қатысушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ақпараттандыруға бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында жүргізушілерге заң талаптары, заңсыз ақшалай сыйақы беру және алу үшін көзделген жауапкершілік, сондай-ақ полиция қызметкерлерімен өзара әрекеттесу кезіндегі құқықтары түсіндірілді. Сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу және азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
– Жүргізушілерге ақпараттық брошюралар таратылды. Онда полиция қызметкерлері тарапынан құқықтары бұзылған жағдайда жүгінуге болатын байланыс нөмірлері көрсетілген. Сондай-ақ брошюраларда QR-код орналастырылған, оның көмегімен қосымша ақпарат алып, уәкілетті бөлімшелерге жедел түрде өтініш жолдауға болады, – деп хабарлады тәртіп сақшылары.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді және полиция мен азаматтар арасындағы сенімді арттыруға, құқық қорғау органдары қызметінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға бағытталған.