
Қонаев қалалық полиция басқармасының қызметкерлері прокуратура органдарымен бірлесіп, киберқылмыстардың алдын алуға және тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді.
Акция барысында қала тұрғындарына интернет-алаяқтар қолданатын негізгі тәсілдер түсіндіріліп, алаяқтықтың құрбаны болмау жолдары бойынша ұсыныстар берілді. Сондай-ақ «дроптар» ұғымына ерекше назар аударылды. Бұл – көбіне салдарын түсінбестен өздерінің банк шоттарын және жеке деректерін қаскөйлерге беріп, қылмыстық схемалардың сыбайласына айналатын тұлғалар.
Профилактикалық жұмыс азаматтар көп жиналатын орындарда, соның ішінде ойын-сауық мекемелері мен сауда нысандарында жүргізілді. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін аталған орындарда арнайы QR-кодтар орналастырылды. Оларды ұялы телефон арқылы сканерлеу арқылы әрбір адам кибералаяқтықтың кең таралған түрлері, жеке деректерді қорғау тәсілдері және алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда қолданылатын іс-қимыл алгоритмі туралы толық ақпарат ала алады.
Құқық қорғау органдары азаматтарды қырағы болуға, банк реквизиттері мен жеке деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге, сондай-ақ күмәнді жағдайлар туындаған кезде дер кезінде құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.
Мұндай профилактикалық іс-шараларды өткізу халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда.