
Қарасай ауданында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын республикалық «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы биыл ерекше қарқынмен өтіп, аудан жастарының белсенді қатысуымен мазмұнды шараларға толы болды. Акция аясындағы іс-шаралар мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара үйлесімді жұмысының нәтижесінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Бүгін Полиция департаментінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі бөлім қызметкерлері, Қарасай ауданы Полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздік бөлімі және аудандық Ішкі саясат бөлімі «Азаматша KZ» қоғамдық қорымен бірлесіп көлемді іс-шара өткізді. Орталық алаңға аудан колледждерінің студенттері жиналып, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне бей-жай қарамайтындықтарын флешмоб арқылы көрсетті.
Жастардың қойылымдық биі мен бейнелі қимылдары қоғамды алаңдатып отырған мәселеге назар аудартуға бағытталды. Сонымен бірге мәдени-ағарту колледжінің студенттері дайындаған сахналық көрініс тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарын көркем түрде бейнелеп, көрермендерге терең ой салды. Қатысушылар арнайы плакаттар көтеріп, бейбіт үндеу жасап, акцияның маңызын айқын көрсетті.
Шара барысында «зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік» қағидасын қоғамда қалыптастырудың маңыздылығы, әр азаматтың жауапкершілігі және алдын алу жұмыстарын күшейтудің қажеттілігі кеңінен айтылды. Полиция қызметкерлері зорлық-зомбылықтың алдын алу – мәлімет беру, түсіндіру және бірлескен әрекет арқылы ғана мүмкін екенін атап өтті.
Іс-шара соңында «Азаматша KZ» қоғамдық қоры студенттерге арнайы түскі ас ұйымдастырып, олардың белсенділігі мен азаматтық көзқарасына ризашылығын білдірді. Бұл акция жастардың қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамайтынын, олардың қалыптасып келе жатқан азаматтық ұстанымын айқын көрсетті.
Бірлескен күш-жігер мен мұндай іс-шаралар қоғамда зорлық-зомбылыққа жол бермеу идеясын нығайтуға зор ықпал етеді.