
Алматы облысының полиция қызметкерлері Департамент бастығының тапсырмасын орындау мақсатында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасын жүргізіп жатыр.
– Іс-шара аясында Полиция департаментінің аппараты Талғар ауданына жауапты қызметкерлерді жіберді. Олар рейдтердің ұйымдастырылуын және өткізілу барысын бақылауда. Жүргізушілердің жылдамдықты сақтауына, балаларды арнайы орындықтарда тасымалдауына назар аударылады. Сондай-ақ қарсы жолаққа шығу және мас күйінде көлік басқару деректері анықталған жағдайда дереу шара қолданылады, – деп мәлімдеді тәртіп сақшылары.
Акция облыстың барлық өңірлерінде өтіп жатыр. Демалыс күндері қарсаңында көлік қозғалысы айтарлықтай көбейетіндіктен, бақылау күшейтілген. Полиция мәліметінше, тәулігіне еліміздің түрлі өңірлерінен Алматы қаласына 300 мыңнан астам автокөлік кіріп, олардың барлығы Алматы облысының, соның ішінде Талғар ауданының аумағы арқылы өтеді.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жолдағы қозғалыс тығыздығы жүргізушілерден ерекше сақтық пен тәртіп талап ететінін атап өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, адам өмірін қорғау және жол мәдениетін арттыру. Полиция департаменті барлық жүргізушілерді жол ережелерін сақтауға және жауапкершілік танытуға шақырады.