ПОЛИЦИЯ МЕН КӘСІПКЕРЛЕР «16 КҮН ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА КРИЗИСТІК ОРТАЛЫҚТАҒЫ БАЛАЛАРҒА МЕРЕКЕ СЫЙЛАДЫ

ПОЛИЦИЯ МЕН КӘСІПКЕРЛЕР «16 КҮН ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА КРИЗИСТІК ОРТАЛЫҚТАҒЫ БАЛАЛАРҒА МЕРЕКЕ СЫЙЛАДЫ

Алматы облысының полиция департаменті жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен «16 күн зорлық-зомбылықсыз» республикалық акциясы аясында кризистік орталық тәрбиеленушілері үшін мерекелік шара ұйымдастырды.

Акцияның мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қоғамның назарын аудару, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қауіпсіз әрі қамқор орта қалыптастыру.

– Балалар үшін ерекше күн ұйымдастырылып, түрлі әсерлерге, ойындарға және жағымды эмоцияларға толы болды. Олар «Family Park» ойын-сауық кешеніне барды. Онда интерактивті алаңдар, белсенді ойын аймақтары мен түрлі көңіл көтеру бағдарламалары жұмыс істеді. Күн бойы балалар түрлі белсенділіктерге қатысып, бір-бірімен тілдесіп, ойын ойнап, ұйымдастырушылар дайындаған тәттілерден дәм татты, – деп хабарлады полицейлер.

Полиция қызметкерлері балаларға жеке қауіпсіздік ережелерін, ересектерге сенім артудың маңызын және қиын жағдайларда көмек сұрау тетіктерін қарапайым әрі түсінікті түрде түсіндіріп, профилактикалық әңгіме жүргізді. Сондай-ақ, қандай жағдай болса да, қолдау әрдайым жанында екені және қиындықтармен жалғыз қалмайтыны ерекше атап өтілді.

Шара соңында әр балаға сыйлықтар мен естелік сый-сыяпаттар табысталды. Мереке жылы да жайлы атмосферада өтіп, қатысушыларға шынайы көңіл күй мен қамқорлық сезімін сыйлады.

Мұндай бастамалар полиция мен халық арасындағы сенімді нығайтып, балаларды қорғаудың маңызын көрсетеді және мемлекет, қоғам және бизнес өкілдері біріге отырып өсіп келе жатқан ұрпақ үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыра алатынын дәлелдейді.