
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдегі жастардың психоактивті заттарды қолдануға тартылу қаупін төмендету және алдын алу шаралары таныстырылды. Баяндамада интернеттің әсерінің артуы, синтетикалық наркотиктердің қолжетімділігінің өсуі және жасөспірімдердің мессенджерлер арқылы тартылуы негізгі қауіптер болып қала беретіндігі атап өтілді.
2023–2025 жылдарға арналған Кешенді жоспар аясында өңірде кең ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері білім беру мекемелерінде 360-тан астам дәріс пен кездесу ұйымдастырылып, психологтар мен ІДН инспекторлары қатысқан тренингтер өткізілді, әлеуметтік желілер мен «Киберқадағалау» жүйесіне мониторинг күшейтілді. Анықталған заңсыз ақпарат дереу тиісті органдарға жеткізіледі.
Интернет арқылы таратылатын заңсыз заттардың саудасын тоқтату, жасөспірімдермен жеке профилактика жүргізу және қауіп тобындағы отбасыларға қолдау көрсету жұмыстары белсенді жүргізілуде. Волонтерлер полиция қызметкерлерімен бірге 1000-нан астам граффити-жарнаманы жойып, жазуларды бояу бойынша 121 іс-шара өткізді. Әлеуметтік желілерде 414 ақпараттық материал жарияланды.
Профилактикалық іс-шаралар білім, денсаулық сақтау, жастар саясаты басқармалары, әкімдіктер және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жүргізілуде.
Мамандар сандық профилактиканы күшейту, ата-аналардың сауаттылығын арттыру және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.
– Жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге тартылудан қорғау үшін тек мемлекет, қоғам және отбасының бірлескен күш-жігері маңызды, – деп хабарлады ведомствода.