
Алматы облысы ПД-ның Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы телефон және интернет-алаяқтық фактілерінің көбейіп келе жатқанын тағы да ескертеді. Кезекті оқиға пошта арқылы сәлемдеме күтіп жүрген облыс тұрғынымен болды. Осы жағдайды өз пайдасына пайдаланған алаяқтар оған хабарласып, өзін жеткізу қызметінің қызметкері ретінде таныстырып, тапсырысты растау үшін арнайы кодты айтуды сұраған.
Бұдан кейін жәбірленушіге белгісіз адамдар қайта хабарласып, бұл жолы өзін банк қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған. Олар оның қаржысын «қорғау» сылтауымен бірқатар операцияларды орындауға және бірнеше банктен несие рәсімдеуге көндірген. Тек кейіннен барлық әрекеттердің алаяқтар тарапынан басқарылғаны анықталды. Нәтижесінде ол 3,5 миллион теңгесінен айырылды.
– Алаяқтар бүгінде жеткізу қызметі туралы мәліметтерді жиі пайдаланады, телефон нөмірлерін ауыстырып, ресми сөйлескендей әсер қалдырады. Мақсат – адамды тез және ойланып үлгермей әрекет етуге мәжбүрлеу. Сондықтан барынша сақ болып, бейтаныс қоңырауларға сенбеу маңызды, – дейді киберполицейлер.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, ешкім – банктердің, жеткізу қызметтерінің немесе мемлекеттік органдардың қызметкерлері – телефон арқылы растау кодтарын, құпия сөздерді, CVV-кодтарды және кез келген құпия ақпаратты талап етуге құқылы емес. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден аяқтап, банкке немесе курьерлік қызметке ресми колл-орталығының нөмірін өзіңіз теріп хабарласу қажет.
Алматы облысының полиция департаменті тұрғындарды сақ болуға, психологиялық қысымға берілмеуге және алаяқтық белгілері байқалған кез келген жағдайда бірден полицияға жүгінуге шақырады. Қазіргі уақытта күдіктілерді анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.