«BOLASHAQ BUGIN» ФОРУМНЫҢ ЕКІНШІ КҮНІНДЕ ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚПЕН КҮРЕС ТАҚЫРЫБЫ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

«BOLASHAQ BUGIN» ФОРУМНЫҢ ЕКІНШІ КҮНІНДЕ ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚПЕН КҮРЕС ТАҚЫРЫБЫ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

Алматы облысы, Жандосов ауылындағы «Ауыл Ресорт» орталығында өтіп жатқан «Bolashaq Bugin» семинар-форумының екінші күні екі еселенген білім мен тәжірибе алаңы болды. Форумға өңірдің барлық аудандарынан келген Жастар саясаты саласының белсенді мамандары қатысты.

21 қарашада қатысушылар сала мамандарымен кездесіп, мазмұнды тренингтерге қатысты. Олардың қатарында Алматы облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері де арнайы шақырылып, интернет алаяқтықтың соңғы әдістері, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алдау схемалары, сондай-ақ киберқорғаныс ережелері туралы жан-жақты түсіндірме берді. Мамандар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, нақты мысалдар арқылы қауіпсіздік шараларын күшейту жолдарын көрсетті.

Сонымен қатар Керим Әлібек Арланұлы интернет алаяқтықтың қазіргі өзекті түрлері жөнінде кең көлемді ақпарат ұсынып, қорғану тәсілдерін тәжірибелік мысалдармен толықтырды.

Шара соңында семинар-форумға белсенді қатысқан барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Бұл бірлік пен кәсіби дамуды арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттырып, өңірде киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосады.