
2025 жылдың 21 қарашасында Талғар ауданында полиция қызметкерлері құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді профилактикалық іс-шара жүргізді.
Профилактика барысында ішкі істер органдарының әртүрлі есептерінде тұрған 86 тұлға тексерілді. Профилактикалық есепке 5 азамат қойылып, полицияға 18 құқықбұзушы жеткізілді.
– Барлығы 315 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңбұзушылықтарды, ата-аналық міндеттерді орындамау, белгіленбеген орындарда сауда жасау, тыныштықты бұзу, мал бағу қағидаларын сақтамау, темекі өнімдерін тұтыну талаптарын бұзу, қоғамдық орындарда мас күйінде болу, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үлкендерсіз жүруі, қоғамдық орындарда мазалау, тіркеусіз тұру, абаттандыру ережелерін және жаяу жүргіншілер тарапынан жол қозғалысы қағидаларын бұзу фактілерін анықтады, – деп хабарлады ведомствода.
Сонымен қатар, 58 азаматтық қару иесі тексерілді. Нәтижесінде қаруды сақтау талаптарын бұзудың 1 дерегі тіркелді.
– Жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында да ауқымды жұмыс атқарылды. Техникалық ақауы бар көлікті басқару, жүргізушінің телефон қолдануы, қауіпсіздік белдігін тақпау, жол қиылыстарынан өту және маневр жасау қағидаларын бұзу, тоқтау және тұрақ ережелерін сақтамау, жол жиегімен жүру, жол белгілері мен сызықтамаларды елемеу, құжатсыз көлік жүргізу және өзге де құқықбұзушылықтар анықталып, жалпы 186 әкімшілік дерек тіркелді. Арнайы тұраққа 13 көлік қойылып, 11 мемлекеттік нөмір тәркіленді, – деп толықтырды полицейлер.
Миграциялық заңнаманы бұзу бойынша 30 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Талғар ауданының полициясы өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында осындай профилактикалық іс-шараларды жалғастыратын болады.