Адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүк көлігінің жүргізушісін полицейлер ізін суытпай ұстады

Адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүк көлігінің жүргізушісін полицейлер ізін суытпай ұстады

Полицияға 253 шақырым жерде, Талдықорған қаласына 1 шақырым қашықтықта белгісіз көліктің облыс орталығының 41 жастағы тұрғынын қағып кеткендігі туралы ақпарат келіп түсті. ЖКО нәтижесінде зардап шеккен адам оқиға орнында көз жұмды.
«Оқиға орнына жеткен Талдықорған қаласы ПБ Батыс ҚПБ қызметкерлері мен Алматы облысы ПД ЖПҚБ патрульдік полиция ротасының инспекторлары мұқият тексеру кезінде өндіруші зауыт нөмірі бар пластмасса бампердің сынықтарын тапты. Осы нөмір бойынша "RENAULT MANAGER"жүк көлігінің маркасын орнатуға мүмкіндік туды. Тәртіп сақшылары облыстың барлық жеке құрамын күдіктіні ұстауға бағдарлады. Бірнеше сағаттан кейін Алакөл ауданында Алматы-Өскемен автожолының 508 шақырымында "Борт 34" патрульдік полиция ротасының инспекторлары лейтенант Әділет Махатов пен аға лейтенант Руслан Меделханов іздестіріліп жатқан көлікті ұстады. ШҚО Үржар ауылының 32 жастағы тұрғыны болып табылатын жүргізуші көлігімен адам қаққанын мойындады»,-дейді Алматы облысы ПД ЖПҚБ патрульдік полиция ротасы командирінің м.а. полиция майоры Қайырбек Қанатбеков.
Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі және 347-бабының 1-бөлігі "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан ЖҚЕ бұзу, ЖКО болған жерден кетіп қалу»бойынша тіркелді. Тергеумен облыстық Департаменттің тергеу басқармасы айналысуда.

Алматы облысы ПД баспасөз қызметі