
20 қазан мен 19 қараша аралығында Алматы облысында заңсыз аңшылық пен балық аулауға қарсы бағытталған «Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасы өтті.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін атқарылған шара барысында табиғатты пайдалану заңнамасын бұзудың 241 дерегі анықталды. Оның ішінде 11 қылмыстық, сондай-ақ 230 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.
Рейдтік іс-шаралар барысында заңсыз аң атуға және балық аулауға қолданылған құралдар тәркіленіп, құқық бұзушыларға қатысты заңда көзделген шаралар қабылданды.
«Браконьер» іс-шарасы жануарлар дүниесін қорғау, табиғи ресурстарды заңсыз пайдаланудың алдын алу және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Полицейлер аңшылық алқаптарында, қорықтық аумақтарда,
су айдындарында тексерістерді жалғастырып жатыр.
Полиция табиғатты қорғау заңнамасын бұзу ауыр жауапкершілікке әкеп соқтыратынын, оның ішінде ірі көлемдегі айыппұлдар мен қылмыстық жаза қарастырылғанын еске салады. Іс-шара аяқталғаннан кейін де бұл бағыттағы бақылау жұмыстары жалғасады.