ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ НЕГІЗГІ ҚЫЛМЫС ТҮРЛЕРІНІҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖАЛҒАСТЫРУДА

ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ НЕГІЗГІ ҚЫЛМЫС ТҮРЛЕРІНІҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖАЛҒАСТЫРУДА

Алматы облысында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында полиция қызметкерлері еңбек ұжымдары арасында алдын алу жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруда. Кезекті кездесулер «ZETA» зауытында және «Талғар Су» мекемесінде өтіп, онда полицейлер мен Талғар аудандық мәслихат депутаты Марат Алиманов қызметкерлерге заңнама нормаларын түсіндіріп, құқықбұзушылықтан қорғану жолдарын еске салды.

Мұндай ақпараттық шаралар тұрақты түрде өткізіліп, өңірдің түрлі ұйымдарын қамтиды. Кездесуде Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары интернет кеңістігінде жиі кездесетін қылмыс түрлерінің мысалдарын келтірді.

Полицейлердің айтуынша, бүгінде алаяқтар азаматтарды алдау үшін интернет-платформаларды жиі пайдаланады. Көп жағдайда адамдар өздері байқамай, «дропер» деп аталатын рөлде алаяқтық схемаларға тартылып қалуы мүмкін. Полиция қызметкерлері заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын ескертіп, қылмыстық операцияларға қатысушы болып қалмаудың жолдарын жан-жақты түсіндірді.

Кездесу барысында есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қызметкерлерге тыйым салынған заттарды қолдану мен сақтаудың қауіптері туралы айтылып, өздерін және жақындарын есірткі қауіпінен қалай қорғау керектігі жөнінде кеңестер берілді.

Осындай профилактикалық іс-шаралар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және өңірдегі қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған.