ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА ЖҚО ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ ӨТТІ

ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА ЖҚО ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ ӨТТІ

Жамбыл ауданында республикалық жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аясында Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шаралар кешені өтті. Күннің ұраны – «Жадымыз бірлікте», бұл адам өмірінің құндылығын және жол жүру ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды.

Іс-шаралардың негізгі мақсаты – жол апаттарында қаза тапқандарды еске алу, аудан тұрғындарының назарын жол-көлік жарақаттануы мәселесіне аудару, жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру және әрбір қатысушының жеке жауапкершілігін арттыру. Апта бойы жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіздік белдігін тағу, балаларға арналған автокреслоларды пайдалану, сондай-ақ көлікті мас күйінде басқаруға қатаң тыйым салу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

ЖКО санының артуы алаңдаушылық тудыруда. Жыл басынан бері өңірде 3020 жол-көлік оқиғасы тіркелген, бұл жолдағы қауіпсіздікке қатысты профилактикалық шараларды күшейтуді және барлық қатысушылар тарапынан тұрақты бақылауды қажет ететінін көрсетеді. Өткізілген іс-шаралар қоғам назарын жол-көлік жарақаттарының өзекті мәселелеріне аударуға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға, жолда жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және қаза тапқандардың рухына құрмет көрсетуге бағытталды.

Жамбыл ауданында «Есіңде сақта және ойлан» атты еске алу іс-шарасы өтті. Оның басты элементі – соғылған автокөліктерден жасалған инсталляция. Ол жол ережесін бұзудың қайғылы салдарын бейнелеп, қатысушыларға зор эмоционалдық әсер қалдырды.

Ерекше сәттердің бірі – «Естелік жолы» атты мемориалдық стенд жанында ұйымдастырылған бір минут үнсіздік. Қатысушылар қаза тапқандардың рухына тағзым етіп, олардың жақындарына қолдау білдірді.

Полицейлер мұндай іс-шаралар қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Естелік – біріктіреді, ал ережені сақтау – әр адамның күн сайынғы саналы таңдауы.