
Республикалық жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аясында Жамбыл ауданында жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандарды еске алуға бағытталған «Жады жарығы» атты іс-шара өтті. Акцияның мақсаты – қаза тапқандардың рухына тағзым ету, адам өмірінің құндылығын еске салу және қоғам назарын жолдағы қауіпсіздік мәселесіне аудару.
Бұл күні қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан Жамбыл ауданының полиция қызметкері Мұсаев Ерлан Сатбекұлының есімі де ерекше құрметпен аталды.
Ерлан Сатбекұлы 1980 жылдың 12 желтоқсанында Жамбыл облысының Комунар ауылында дүниеге келген. Ол Алматы облысы Жамбыл ауданы Полиция бөлімінде 14 жыл бойы абыроймен еңбек етті. Әріптестері оны жауапты, талапшыл және қызметіне адал маман ретінде жақсы таныған.
Артында жұбайы және бес баласы қалды.
2021 жылғы 21 желтоқсанда, Қайназар ауылындағы Өтеп Оңғарбай көшесінің қиылысында қызметтік міндетін атқару кезінде жол-көлік оқиғасы орын алып, Ерлан Сатбекұлы алған жарақаттан қайтыс болды. Бұл ауыр жағдай оның отбасы, әріптестері мен бүкіл аудан үшін орны толмас қаза болды.
Ерлан Сатбекұлы өз қызметінде тәртіп пен әділдікті жоғары қойып, ел мүддесін қорғауда жанқиярлық танытқан азамат ретінде есте қалады. Оның есімі – қауіпті де жауапты қызметтің ауыр салмағын өз иығымен арқалаған, қоғам қауіпсіздігі жолында өмірін қиған ерліктің символы.
Полицейлер мұндай іс-шаралар қоғамға жолдағы қауіпсіздіктің маңызын түсіндіруге, қаза тапқан азаматтардың ерлігін есте сақтауға және әр жүргізушіні өз жауапкершілігін сезінуге шақыратынын атап өтті.
Бүгінде оның есімі әріптестері, аудан тұрғындары мен отбасының жүрегінде ерекше құрметпен аталады. Мусаев Ерлан Сатбекұлының ерлігі – қызметтік борышқа адалдықтың, азаматтық парызды ар-намысқа сай атқарудың жарқын үлгісі болып қала береді.