ТАЛҒАР АУДАНЫНДА «ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

ТАЛҒАР АУДАНЫНДА «ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Талғар ауданында республикалық жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аясында кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз балалық шақ» атты профилактикалық акция өтті. Шараның мақсаты – балаларға жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастыру және олардың жол қозғалысы ережелері туралы білім деңгейін арттыру.

Іс-шара барысында мектептер мен балабақшаларда бірыңғай қауіпсіздік күні ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері мен мұғалімдер оқушыларға арнайы сабақтар өткізіп, түсіндірме әңгімелер жүргізді, жолда дұрыс әрекет етуге арналған практикалық жаттығулар көрсетті. Балаларға жолда аса маңызды саналатын қарапайым ережелердің маңызы түсіндірілді.

Сонымен қатар полицейлер балалардың сырт киіміне жарық шағылыстырғыш білезіктер, стикерлер және қараңғы уақытта көрінуді арттыратын өзге де қауіпсіздік элементтерін тағып берді. Мұндай шағын ғана құралдар жаяу жүргіншілердің көрінуін жақсартып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға елеулі ықпал етеді.

Полицейлер мұндай шаралар балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ведомство өскелең ұрпақтың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын жеткізеді.