
Балқаш ауданының аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және биологиялық ресурстардың заңсыз айналымына тосқауыл қою мақсатында «Браконьер» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Аталған шара шеңберінде полиция қызметкерлері табиғат қорғау бағытындағы құқық бұзушылықтарды анықтау мен жолын кесу жұмыстарын белсенді жүргізуде. Әсіресе заңсыз аңшылық, ағаш кесу, су айдындарында рұқсатсыз балық аулау, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің заңсыз айналымына қатысты фактілерге ерекше назар аударылуда.
Балқаш аудандық полиция бөлімінің табиғатты қорғау полиция тобының қызметкерлері уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда. Тексеру барысында заңсыз аңшылық құралдары, балық аулау торлары және биоресурстарды тасымалдауға арналған көлік құралдарын пайдалану фактілерін анықтау бағытында шаралар қабылдануда.
Полиция қызметкерлері азаматтарға табиғатты қорғау заңнамасын сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады.
Балқаш аудандық полиция бөлімі тұрғындар мен қонақтарды табиғатты аялауға, заңсыз аңшылық пен браконьерлікке қарсы күресте белсенді азаматтық ұстаным танытуға үндейді.
Табиғатты бірге қорғайық – болашақ ұрпаққа таза мұра қалдырайық!