ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРДАГЕРЛЕРДІ МЕРЕКЕЛЕРІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРДАГЕРЛЕРДІ МЕРЕКЕЛЕРІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Ішкі істер органдары ардагерлерінің күніне орай Қонаев қаласының полиция қызметкерлері заң мен қоғамға адал қызмет еткен өздерінің аға әріптестеріне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырды.

Кездесу барысында ұзақ жылдар бойы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз өмірін арнаған ардагерлерге құрмет көрсетілді. Оларға Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеевтің және қалалық полиция басқармасының бастығының атынан алғыс хаттар табыс етілді.

Сонымен қатар, борышына адалдық пен көп жылғы еңбегі үшін Ардагерлер кеңесі салтанатты түрде қонақтарға – ішкі істер органдарының ардагерлеріне медальдар табыс етті.

Іс-шараға қатысқан жас полиция қызметкерлері ардагерлермен тікелей тілдесіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңестерін тыңдау мүмкіндігіне ие болды. Бұл кездесу аға буынға деген құрмет қана емес, сонымен бірге полиция қатарындағы ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болды.

Іс-шара жылы да шынайы атмосферада өтіп, қоғамға қызмет ету мен азаматтарды қорғау ісі – тек мамандық емес, өмірлік парыз екенін тағы бір мәрте айқындады.