
Іле ауданында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ардагерлер күні мен Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлікпен қаза тапқан күніне орай «Ер есімі – ел есінде» атты тағылымдық-патриоттық іс-шара ұйымдастырылды.
– Шара мектепте орналасқан Даңқ бұрыштарында – Ғазиз Байтасов пен Манас Жұмаділов бұрыштарында өтті. Іс-шараға мектеп ұжымы, жас сақшылар сыныбы, Іле ауданы Полиция басқармасының өкілдері және ІІО ардагерлері қатысты – деді полиция қызметкерлері.
Іс-шара барысында жас сақшылар Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов пен Манас Жұмаділов бұрыштарына гүл шоқтарын қойып, ерлікке тағзым етті. Сонымен қатар оқушылар батырларға арналған өлеңдер оқып, «Қазақстан полициясы» әнін орындады.
– Жиынның басты мақсаты – ерлік пен адалдықтың, отанға қызмет етудің мәнін жас ұрпаққа ұғындыру, ішкі істер органдары ардагерлеріне құрмет көрсету және жас буынды отансүйгіштік рухында тәрбиелеу болып табылады. Шара соңында қатысушылар «Полиция ардагерлері мен ерлік иелері» атты фотокөрмемен танысып, батырлар ерлігі мен қызмет жолына арналған суреттерді тамашалады – деп тәртіп сақшылары өз ойын түйіндеді.
Мұндай рухани мазмұндағы кездесулер ардагерлер мен жас буын арасындағы сабақтастықты нығайтып, полиция қызметкерлерінің ерлік дәстүрін дәріптеуге бағытталған.