
Цифрландыру күні аясында және Мемлекет Басшысының мемлекеттік қызметке инновацияларды енгізу жөніндегі Жолдауына сәйкес Alatau Hub базасында ішкі істер органдары қызметкерлері үшін «Күнделікті қызметінде жасанды интеллектті пайдалану» тақырыбында оқыту семинары өтті.
Оқытуға полицияның 20 қызметкері қатысты – Алматы облысы Полиция департаменті аппаратының, Қонаев қаласы, Алатау және Іле аудандары полиция басқармаларының әрқайсысынан бес өкілден. Басымдық 35 жасқа дейінгі жас мамандарға берілді.
Сабақ барысында қатысушылар жасанды интеллекттің ақпаратты талдау, деректерді өңдеу, қызметтік құжаттарды дайындау және азаматтармен өзара тиімді коммуникация орнатудағы мүмкіндіктерімен танысты.
Курс аяқталған соң барлық қатысушыларға оқудан өткендігі туралы сертификаттар табысталды.
Мұндай іс-шаралар жеке құрамның цифрлық сауаттылығын арттыруға және полиция бөлімшелерінің қызметіне заманауи технологияларды енгізуге бағытталған. Бұл – «Цифрлық мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру және ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін дамыту бағытына толық сәйкес келеді.