
Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығының екінші күні аясында Алматы облысының полиция қызметкерлері «Жаяу жүргінші – заң қорғауында» ұранымен бірқатар іс-шаралар өткізді. Акцияның негізгі мақсаты – жаяу жүргіншілерге қатысты жол-көлік оқиғаларының алдын алу және балаларды жолды қауіпсіз кесіп өту ережелеріне үйрету.
Ерекше назар жас жол қозғалысына қатысушыларға аударылды. Мектептерде «Жаяу жүргінші. Мектепке дейінгі қауіпсіз бағыт» атты сабақтар мен тренингтер өтті. Онда кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар мен мұғалімдер оқушыларға жолды қалай дұрыс кесіп өту, ең қауіпсіз жүріп-тұру бағытын таңдау және жаяу жүргінші өткелінде де мұқият болудың маңыздылығын түсіндірді.
Сонымен қатар елді мекен көшелерінде «Жаяу жүргінші» атты рейд өткізілді. Полиция қызметкерлері жас жол инспекторларымен бірге жаяу жүргінші өткелдерінде кезекшілік етіп, тұрғындарға жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салды.
– Жол қозғалысына қатысушылардың көріну деңгейін арттыру мақсатында оқушылар мен жаяу жүргіншілерге жарық шағылыстырғыш элементтер таратылды. Жас жол инспекторлары «Кішкентай жарық – үлкен өмірді сақтайды. Көрінетін бол – өзгелерге үлгі бол!» атты флешмоб өткізіп, жарық шағылыстырғыш элементтері бар киім үлгілерін көрсетіп, қараңғы уақытта жолда көзге түсудің маңыздылығын насихаттады, – деп атап өтті тәртіп сақшылары.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде «Бір сәттік салғырттық – өмірге қауіп төндіреді» атты бейнеролик жарияланды. Онда шынайы өмірлік жағдайлар арқылы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді өзара құрмет пен сақтыққа шақыратын көріністер көрсетілген.
Мұндай іс-шаралар «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында өткізіліп, жол-көлік жарақаттануын азайтуға және азаматтардың жолда қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.