
Алматы облысында Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күні аясында және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілету мақсатында 2025 жылғы 10–16 қараша аралығында «Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы» және «Есте сақта, ойлан!» атты қоғамдық акциясы бастау алды.
Апталықтың алғашқы күні Қонаев қаласының №3 орта мектебінде «Өмір жылдамдықтан қымбат» атты кездесу өтті. Шараға ұстаздар мен оқушылар, сондай-ақ полиция қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында «Есте сақта және ойлан» тақырыптық бейнеролигі көрсетіліп, жолдағы қауіпсіздік ережелерін сақтау маңыздылығы түсіндірілді.
Сонымен қатар Қонаев қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері «Жылдамдық – басты мәселе емес» атты рейдтік іс-шара өткізді. Рейд барысында жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық парақшалар мен жапсырмалар таратылды.
Кешкі уақытта мектеп оқушыларына жарық шағылыстырғыш элементтер табысталып, «Мен өмірді таңдаймын!» ұранымен естелік суретке түсті.
Бұл бастама – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың өмірін қорғауға және қоғамда жауапты жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.