
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес бүгіннен бастап Алматы облысында «Жол қозғалысы қауіпсіздігінің апталығы» және БҰҰ резолюциясына сәйкес Жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күніне арналған «Есіңде сақта және ойлан» атты қоғамдық акциясы бастау алды.
Акцияның негізгі мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың мәдениетін арттыру, жауапкершілік сезімін қалыптастыру және адам өміріне құрметпен қарау.
Апта бойы облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жолдардағы жарақаттану деңгейін төмендетуге бағытталған профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілетін болады. Полиция қызметкерлері мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының оқушыларымен тақырыптық кездесулер, жүргізушілермен рейдтік іс-шаралар, сондай-ақ ауыр салдарлы жол апаттары орын алған жерлерде еске алу акцияларын өткізеді.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдары мен еңбек ұжымдарында жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбында дәрістер, байқаулар, флешмобтар және сынып сағаттары ұйымдастырылады. Ерекше назар жол қозғалысының ең осал қатысушылары – балалар мен жасөспірімдерге аударылады.
Алматы облысының полициясы барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін сақтауға, жолда мұқият болуға және есте ұстауға шақырады: қауіпсіздік – әрқайсымыздан басталады.