«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» БІЗДІҢ ҚАТАРЫМЫЗДАН БАСТАЛАДЫ

«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» БІЗДІҢ ҚАТАРЫМЫЗДАН БАСТАЛАДЫ

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Қонаев қаласының орталық алаңында полицияның жеке құрамының гарнизондық таралуы өтті.

Іс-шараның мақсаты – ішкі істер органдары қызметкерлерінің тәртібін нығайту, ұйымшылдығын, патриоттық рухын және қызметтік ынтасын арттыру. Гарнизондық сап түзеу – қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бөлімшелердің қызметке дайындығын бағалауға мүмкіндік беретін маңызды қызметтік іс-шара болып табылады.

Алматы облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Мейрам Әбікеев жеке құрам алдында сөз сөйлеп, «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру әрбір полицейдің өзінен – оның жауапкершілігі мен адалдығынан басталатынын атап өтті. Сондай-ақ ол әр қызметкер заңға бағынудың үлгісі болып, әділдік пен адамгершілік қағидаттарына сүйене отырып, азаматтарға адал қызмет етуі тиіс екенін айтты.

Сап түзеу барысында өңірдегі жедел жағдай баяндалып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды. Сонымен қатар жеке құрамның сыртқы келбеті мен жарақтануы бойынша саптық тексеріс өткізілді.

Дәл осы күні полиция қызметкерлерінің қысқы киім нысанына көшуі жаңа қызметтік маусымның басталғанының белгісі болды. Іс-шара салтанатты саптық шерумен аяқталып, тәртіп пен бірліктің, сондай-ақ заң мен қоғамға адал қызмет етуге дайындықтың көрінісіне айналды.