
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында, Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларды барынша сақтық шараларын сақтауға шақырады.
Ауа райының күрт суытуына және кейбір аудандарда қар жаууына байланысты жол жағдайы күрделенуі мүмкін – көктайғақтың пайда болуы, көріну деңгейінің төмендеуі және қар құрсауларының түзілуі ықтимал.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жылдамдық режимін және қауіпсіз қашықтықты сақтауды, көлікті күрт бұру мен тежеуден аулақ болуды, мүмкіндігінше алыс сапарларға шықпауға кеңес береді. Сондай-ақ автокөліктің техникалық жағдайын, әсіресе дөңгелектер мен жарық жүйесін тексеру қажет екенін ескертеді.
Жаяу жүргіншілерге жолды кесіп өткен кезде барынша мұқият болу және қараңғы уақытта жарық шағылыстырғыш элементтерді пайдалану ұсынылады.
Полиция қызметкерлері азаматтарды жолда жауапкершілік пен өзара құрмет танытуға шақырады, өйткені қауіпсіздік – әрбір жол қозғалысына қатысушының қолында.