
Алматы облысында полиция қызметкерлері жас ұрпақтың заңға, құқықтық тәртіпке және полицей мамандығына деген құрметін қалыптастыру мақсатында «Заң мен тәртіп» атты фотокөрме ұйымдастырды.
Көрмеге «Жас сақшы» әскери-патриоттық сыныптарының оқушылары шақырылды. Оқушыларға экскурсия ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының қалыптасу кезеңдері мен ішкі істер органдарының даму тарихын бейнелейтін ерекше архивтік фотосуреттер көрсетілді.
Сонымен қатар, көрме барысында қазіргі кезеңдегі полиция қызметінің негізгі бағыттарына және ішкі істер органдары қызметкерлерінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау ісіндегі еңбегіне ерекше назар аударылды.
Экспозиция бірнеше тақырыптық бөлімдерге бөлінген, әр бөлім еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бүгінгі күнге дейінгі тарихи кезеңдерді қамтиды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай көрмелерді облыстың басқа да аудандарында өткізу жоспарлануда. Бұл бастама жастардың қазақстандық полиция тарихымен және дәстүрлерімен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.
«Заң мен тәртіп» фотокөрмесі мәдени шара ғана емес, сонымен бірге патриотизм мен полиция мамандығына деген құрметті нығайтуға бағытталған тәрбиелік жұмыстың маңызды бөлігі болды.