
Бүгін Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелеріне арналған брифинг өтті.
Қазіргі таңда өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі – жол-көлік оқиғаларының жиілігі болып отыр. Жол апаттарының негізгі себебі көлік жүргізушілерінің жол жүрісі қағидаларын сақтамауы болып қала береді.
– Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және апаттылық деңгейін төмендету мақсатында жыл басынан бері облыс полицейлері «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Автобус», «Абайлаңыз, балалар» және басқа да 16 жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді. Рейдтер барысында жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзушылықтарды анықтауға ерекше көңіл бөлінді. Нәтижесінде 811 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны, 1299 жүргізуші қарсы бағытқа шыққаны, 3292 жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермегені және 22 183 жаяу жүргінші жол ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Алматы облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Еркебұлан Ахмедов.
Сонымен қатар заманауи цифрлық технологиялар белсенді қолданылуда. Облыстың апаттық қауіпті учаскелерінде және жаяу жүргінші өткелдерінде «Қорғау» жүйесіне біріктірілген 325 автоматтандырылған бақылау кешені жұмыс істейді. Аталған жүйе жалған мемлекеттік нөмірлермен жүрген көліктерді, жол ережесін жиі бұзатын және айыппұлдарын төлемеген жүргізушілерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін тіркеу үшін патрульдік полиция көліктеріне орнатылған 21 жылжымалы кешен, соның ішінде жасырын бақылау режиміндегі 11 кешен жұмыс істейді. Сондай-ақ, қарсы жолаққа шығу секілді өрескел бұзушылықтарды анықтау мақсатында дрон құрылғысы пайдаланылады.
– Жол-көлік оқиғаларының себептерінің бірі – жолдардың сапасы. Облыс аумағындағы жолдарға 1423 тексеру жүргізіліп, жол жөндеу ұйымдарына анықталған кемшіліктерді жою туралы сонша нұсқама жолданды. Бұрын берілген нұсқамаларды орындамағаны үшін 17 әкімшілік хаттама толтырылып, аудандық және ауылдық округ әкімдіктерінің басшылары мен қызметкерлері жауапкершілікке тартылды, – деп толықтырды подполковник Ахмедов.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, облыстық полицияның тұрақты бақылауында.