
Талғар ауданында қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ ықтимал оқиғаларға жедел әрекет етуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Аталған жұмыс аясында елді мекендер мен автожолдарда 1113 қоғамдық бейнебақылау камерасы және 56 «Сергек» жылдамдық өлшегіші орнатылды. Бұл қоғамдық тәртіп пен көлік қозғалысын бақылауды айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік береді. Осы жүйелердің көмегімен полиция қызметкерлері нақты уақыт режимінде әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтап, құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Сонымен қатар ауданда заманауи техникалық құралдармен жабдықталған шағын Жедел басқару орталығы іске қосылды. Оның қызметі тәулік бойы жедел жағдайды бақылауға, кезекші нарядтардың іс-қимылын үйлестіруге және қызметтер арасындағы ақпарат алмасуды жедел қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған шаралардың жүзеге асырылуы Талғар ауданы тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға, құқық қорғау органдарына деген халық сенімін нығайтуға және әрбір адам үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етуде.