ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КҮНІНЕ ОРАЙ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КҮНІНЕ ОРАЙ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

Облыс орталығындағы Мәдениет үйінде Алматы облысының полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының күніне арналған салтанатты іс-шара өткізді.

Алматы облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Мейрам Әбікеев жеке құрамды, ішкі істер органдарының ардагерлерін және қызметкерлердің ата-аналарын мемлекеттік мерекемен құттықтап, олардың өңірдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

Өз сөзінде департамент бастығы Республика күні – ел бірлігі мен тәуелсіздігінің, сондай-ақ әр азаматтың ел болашағы алдындағы жауапкершілігінің символы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ішкі істер органдарындағы қызметтің жоғары кәсіби дайындықты, ерлік пен адалдықты талап ететінін ерекше айтты.

Мереке күні өз міндетін адал орындап, қызметтік борышына жауапкершілікпен қарап, жоғары нәтижелерге қол жеткізген үздік қызметкерлер ҚР Ішкі істер министрінің және облыстық полиция департаменті бастығының бұйрықтарымен медальдармен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды. Бірқатар полицейлерге кезекті арнайы атақ мерзімінен бұрын берілді.

Салтанатты жиында жас ұрпаққа да ерекше көңіл бөлінді. «Жас сақшы» патриоттық сыныбының оқушылары іс-шараға қатысып, ел алдындағы қызметтің үлгісін көрсеткен тәлімгерлеріне ризашылықтарын білдірді.

Мәдениет үйінің фойесінде «Заң мен тәртіп» тақырыбындағы фотокөрме ұйымдастырылып, онда полицейлердің күнделікті қызмет барысы мен азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етудегі еңбегі көрініс тапты.

Бұл мерекелік іс-шара полиция қызметіне деген құрметтің және «абырой», «заң», «парыз» ұғымдарын өмірлік қағида еткен ұрпақтар сабақтастығының көрінісі болды.