
Алматы облысының Іле ауданында және Алатау қаласында Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Экономикалық тергеу департаменті мен «Психикалық денсаулық орталығының» мамандарымен бірлесіп, 8–11 сынып оқушыларына түсіндіру сабақтарын өткізді.
Сабақтар Өтеген Батыр ауылындағы М. Мақатаев атындағы №13 орта мектепте және Жаңадәуір ауылындағы №12 орта мектепте өтті. Оқушыларға цифрлық қауіпсіздік ережелері, интернет-алаяқтықтың түрлері, сондай-ақ вейп өнімдерінің және құмар ойындардың зияны туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Мамандар жалған сайттар мен күмәнді хабарламаларды қалай ажырату керектігін түсіндіріп, жеке деректерді қорғаудың және интернеттегі қауіпсіз әрекеттің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ никотин өнімдері мен құмар ойындарының жасөспірімдердің денсаулығы мен психикасына теріс әсері туралы айтылды.
Мұндай түсіндіру сабақтары жастардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын және олардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған.