
Алматы облысының Талғар ауданында көшедегі қылмыстарға жүргізілген талдау нәтижесінде құқықбұзушылықтардың 90%-ға жуығы мас күйінде жасалатыны анықталды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысты төмендету мақсатында полиция қызметкерлері профилактикалық шараларды күшейтті. Түнгі уақытта алкоголь өнімдерінің заңсыз сатылуына бақылау жүргізілуде, сондай-ақ полиция жасақтары азаматтар көп жиналатын демалыс және ойын-сауық орындарына жақындатылды.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде аудан аумағындағы жедел жағдай тұрақтанып, көшедегі қылмыстар деңгейі төмендеді.
Профилактикалық іс-шаралар барысында полицейлер 12 ерекше талап пен 37 қорғау нұсқамасын берді. Бұл құжаттар тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар, алкоголь өнімдерін сату ережелерін бұзған 12 сауда нүктесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Жүргізіліп жатқан шаралардың басты мақсаты – құқықбұзушыларды жауапқа тарту емес, сонымен қатар азаматтар арасында жауапкершілік мәдениетін, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты сақтау дағдысын қалыптастыру, – деп атап өтті тәртіп сақшылары.